Валюта бағамы: $ 333.08 391.5 5.64 ¥ 50

ЕКІБАСТҰЗ – ӨРКЕНДІ ӨНДІРІСТІ ӨҢІР

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына орай еліміздегі шағын қалаларды өркендету мақсатында 2012-2020 жылдарға арналған бағдарлама әзірленді. Моноқалалардағы қордаланып қалған әлеуметтік-экономикалық мәселелерге байланысты елімізде бағдарлама әзірлеу қажеттілігі туындағаны белгілі.   


Бағдарлама моноқалалардың қазіргі әлеу­меттік-экономикалық мәсе­ле­лерін шешуге, еңбек және экономикалық әлеуетті ескере отырып, ол қалаларды дамытуға, сондай-ақ табиғи басымдық­тарын анықтауға бағытталған. Мәселен, біздің еліміздегі 27 моноқалада халық саны 1,53 миллион адам, яғни республика халқының 16,8 пайызын құрайды. Бұлардың арасында экономикалық әлеуеті жоғары, аты әлемге әйгілі өндірісті өңір Екібастұз қаласы да бар.

Екібастұз қаласы еліміздегі өндірісті өңірлер­дің бірі – Павлодар облысында орналасқан.  Қазақ­станның ірі көмір алабы табылған жер. Бассейн жанынан Павлодар – Астана теміржолы, Ертіс – Қарағанды каналы және Павлодар – Қарағанды авто­жолдары өтеді.  Көлемі 155 шаршы шақырым. Бұл елді мекен 1898 жылы ашылған. Екібастұзға облыстық маңызы бар қала мәртебесі 1957 жылғы берілген.  
Екібастұз көмір алабы – дүниежүзіндегі аса ірі көмір кендерінің бірі. Мұндағы қоңыр көмірді 1876 жылы жергілікті зергер Қосым Пішенбаев тапқан. Алғашқы барлау жұмыстары 1896 жылы жүргізіліп, көмір шахталардан өндіріле бастады. Көмір алабында Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны жұмыс істейді. Алаптың жалпы көмір қоры 11,3 миллиард тоннаны құрайды. Жылына 87 миллион тонна көмір өндіріледі. Өндірілген көмірді Қазақстан, Ресей және басқа көршілес мемлекеттердің ірі энергетикалық орталықтары пайдаланады.
Павлодар облысына қарасты Екібастұзды Жаңаөзен, Жаңатас, Абай, Кентау, Қаратау, Зырян, Курчатов, Арқалық сияқты экономикалық әлеуеті төмен шағын қалалармен салыстыруға болмайды. Өйткені Екібастұзда ENRC құрамындағы алып кәсіпорындар, «Богатырь» көмір кеніші, ГРЭС-1, ГРЭС-2 стансалары, үлкенді-кішілі көптеген  өндіріс орындары шоғырланған. Шағын және орта бизнес те жақсы дамыған. Қалаға қарайтын ауылдық аумақтар ауылшаруашылық өнімдерімен, көкөніс, картоппен  қамтамасыз етіп тұр.
Екібастұз қаласының үш жылдық кешенді даму жоспары негізгі төрт бағыт бойынша жүзеге асырылмақ. Кәсіпорындар мен еліміздің ірі компаниялары арасында түрлі ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалып, өзара әрекеттестік шаралары жасалуда. Жоспарланған жұмыстар жүзеге асса,  2015 жылға қарай қалада шағын және орта бизнес нысандарының қатары  1,4, олардан қазынаға түсетін кіріс бір жарым есеге артады деп болжанып отыр.  Мәселенің мәнісі, Екібастұз қаласына қарасты ауылдар моноқалалар «қатарындағы» ауылдар тізімінде де, ауылдық аумақтарды өркендетуді қолға алатын бағдарламалар қатарында жоқ. Себебі, қаржы қала аумағына қарасты ауылдарға емес, аудандарға қарасты  ауылдарға берілетін көрінеді. Екібастұз ауылдарын облыстағы әр ауданға бөліп береді деген сөз бар.
Қала әкімі Александр Вербняктың айтуынша, қолға алынатын жобалардың арқасында 1800-ден астам жаңа тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Сондай-ақ алдағы жылдары ГРЭС-1 стансасының №1, 2, 8 энергоблоктары қайта қалпына келтірілсе, ГРЭС-2 стансасының  №3 энергоблогы іске қосылады. Нәтижесінде 2015 жылға дейін энергетика саласындағы жоғарыда аталған төрт инвестициялық жобаның арқасында өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1,5 есеге, электрэнергиясының өндірісі 1,4 есеге, ал тартылған инвестиция көлемі 2,4 есеге арта түседі деп күтілуде.  Сонымен қатар шаһарда шағын және орта бизнес кең қанат жайып келеді. Алпауыт кәсіпорындар орта деңгейдегі кәсіпкерліктерге тапсырыс беру арқылы аталған салаға қолдау көрсетіп отыр.
Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Айнагүл Құрманованың айтуынша, бірінші бағытта қаланың экономикалық әлеуеті анықталған.  2015 жылға қарай қала халқының саны 144 мың адамға жетеді. Алдағы үш жылда құны 260 миллиард теңгені құрайтын 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.
Жуырда Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев Екібастұз қаласындағы «Вершина» ЖШС-тің жаңа кірпіш зауытының ашылуына қатысты. Бұл инвестициялық жоба шағын қалаларды дамыту және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары аясында іске асты.  Жаңа зауыт толықтай өндірістік қуатына кіріскенде жылына 36 млн дана құрылыс кірпішін шығарады. Инвестициялық жобаның жалпы қуаты – 2,2 млрд теңге. Зауыттың ашылуымен жаңа 110 жұмыс орны құрылса, зауыт толықтай жұмысына кіріскенде жұмысшылар саны 140 адамға дейін артады.
– Біздің зауыт заманауи жапониялық құрал-жаб­дық­тармен жабдықталған. Барлық өнім зертханада сынақтан өтеді. Өнімнің 35 пайызын Астана, Павлодар және Қарағанды қалаларының нарығына өткіземіз. Бүгінде біздің кірпіштермен балабақшалар, мектептер мен емханалар құрылысы салынып жатыр, – дейді «Вершина» ЖШС-інің бас инженері А.Қуанышев.
«Вершина» ЖШС-і кірпіш өндірісінде шикі­зат ретінде көмір кеніші қалдығын пайдаланады. Заң бойынша көмір кенішінен шығатын қалдықтар жекеменшікке берілген. Ал жаңа кірпіш зауыты осы қалдықтарды тасу үшін көмір кенішіне кіру рұқсатын алуға көмек көрсету туралы облыс әкіміне өтініш білдірген болатын. Аймақ басшысы Қ.Бозымбаев осы мәселені шешуде оңтайлы механизмді табу туралы облыс әкімінің бірінші орынб асары Д.Тұрғановқа тапсырды.
Сонымен қатар, облыс әкімі Қанат Бозымбаев «Қара­сор тау-кен байыту комбинаты» ЖШС-і кірпіш шығару зауыты құрылысымен танысты. Аталған кәсіпорын негізінен құм мен саз өндіруге бейімделген. Кәсіпорынның атқарушы директоры Төлеген Анабаевтың айтуынша, кірпіш шығару туралы шешім Омбы қаласында жергілікті саз шикізатынан кірпіш шығаруға болады деген сараптамалық қорытындыдан кейін туындаған.
Кірпіш зауытының құрылысы 2013 жылы басталған, жобаны 2015 жылы толық іске қосу жоспарланған. Жоба құрылысына бөлінген жалпы инвестиция көлемі 107,5 миллион теңге, оның ішінде 97,8 миллион теңге «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша алынған несие қаражаты болып отыр. Болашақ зауыттың өндірістік қуаты – жылына 20-30 миллион дана кірпішті құрайды. Өнім елімізде ғана емес, Ресейге де экспортталады. Саудаға шығарылатын кірпіш құны 33-35 теңге шамасында болмақ.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X