Валюта бағамы: $ 333.08 391.5 5.64 ¥ 50

ӨНІМДІЛІГІ ЖОҒАРЫ ЖОБА жылына 36 млн дана кірпіш құяды

Павлодар облысының  Екібастұз қаласында жылына 36 млн дана кірпіш шығаратын  жаңа зауыт пайдалануға берілді. Өңірдің дамуына елеулі үлес қосатын бұл зауыттың  ашылу салтанатына облыс әкімі Қанат Бозымбаев қатысып, ұжым мүшелерінің еңбегіне жоғары табыс тіледі.Құны 2,2 млрд теңге болатын инвестициялық жобаны шағын қалаларды дамыту және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары шеңберінде «Вершина» ЖШС іске асырды. Зауыттың өнімділігі жобалық қуатында жылына 36 млн дана кірпішті құрайды. Мұнда  қазірдің өзінде 110 жұмыс орны құрылды.

Жаңа зауыт толық іске қосылып, жұмысы бір ырғаққа түскеннен кейін жұмыс орындарының саны 140 адамға дейін ұлғайтылады.
Кірпіш зауытының бас инженері Әлібек Қуанышевтің айтуынша, жаңа кәсіпорын  заманауи жапондық жабдықтармен жарақталған. Өнім зертханада сынақтан өтуде. Қалыптан жаңа шыққан кірпіштер аймақтағы  балабақша, мектептер мен ауруханалардың құрылыстарын салуға пайдаланылуда. Мұның пайдасы осы, «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» дегенді аңғартады. Су жаңа кірпіш өнімдеріне  Астана,  Қарағанды, Павлодар, т.б, қалалардан  сұраныстар көп.
Жаңа зауытта кірпіш өндірудің  тиімді  тәжірибелері де қалыптасу үстінде. Соның бірі –  кірпіш өндіруге көмір разрезінің қалдығы шикізат ретінде пайдаланылады. Бұл – жекеменшік аумақ, сондықтан кәсіпорын басшылығы облыс әкіміне көмір қалдығына неғұрлым еркін қолжетімділік алуға көмек сұрап, өтініш білдірді. Әкім өз кезегінде  орынбасарына  бұл мәселені шешу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Екібастұз ауылдық аймағында кірпіш шыға­ратын тағы бір зауытты құм мен шикі балшық өндіретін «Қарасор таукен байыту комбинаты» ЖШС салуда. «Жобаны іске асыру өткен жылы қолға алынды, оны пайдалануға беру 2015 жылға жоспарланған», – деп атап өтті комбинат директоры Төлеген Анабаев. Оның айтуынша, құрылыстағы жалпы инвестиция көлемі 107 млн теңгені құрайды. Оның 97 млн теңгесі – «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде алынған несие қаражаты. Жаңа зауыттың өндірістік қуаты жылына шамамен 30 млн кірпіш болмақ. Құрылыс материалы жергілікті нарыққа және Ресей Федерациясына шығарылады.
Міне, Ертіс өңірінде осындай игі шаралар өрге басып келеді. Қазақстанда жасалынған өнімдердің сапасын әлемдік стандартқа сай етіп шығару – өңір адамдарының өмірлік мұратына айналған.

Ибрагим бекмаханұлы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X